Атырау облысында салықтар бойынша түсім 22%-ға артқан

Атырау облысында салықтар бойынша түсім көлемі артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып, «Батыс-Инфо» хабарлайды.

Жергілікті салыққа түскен түсім былтырмен салыстырғанда 74 млн. теңгеге көбейген. Оның ішінде, көлік салығы 14 млн, мүлік салығы 59 млн. теңгеге артық түсті.

Сонымен бірге, жыл басында салық бойынша берешек көлемі 400 млн. теңге болса, бүгінде ол 50% азайған.

«Көлік салығы бойынша – 4900 адамнан 244 млн. теңге берешек болса, мүлік салығынан 5300 адамнан 24 млн. және жер салығынан 1400 адамнан 2 млн. теңге берешек бар. Бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда біраз төмендеген. Осы мәселе төңірегінде басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр», — деді Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сарманов.

Айта кетейік, тұрғындар өз берешегі туралы нақты ақпаратты «е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы біле алады. Ал мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады.

 

Фото авторы: Рахим Қойлыбаев