Атырау жылыту маусымына 87% дайын

Атырау облысы жылыту маусымына 87% дайын. Оның ішінде медициналық нысандардың  96, тұрғын үйлердің 93 пайызында дайындық жұмысы аяқталған. Атырау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков қоғамдық кеңес отырысында қысқа дайындық туралы есеп берді, деп хабарлайды «Батыс-Инфо»

Оның айтуынша, биыл жылыту маусымына 5,7 млрд. теңге бөлінген. А.Кенжебеков облыстағы электр желілерінің 40 пайызының тозғанын да мәлімдеді. Бұл мәселені шешу үшін 2024-2025 жылдары инвестициялық бағдарлама аясында 4 қосалқы станса мен 102 шақырымнан астам әуе желісі жаңартылмақ. Одан бөлек, аудандардағы 5200 бағана да әбден ескірген.

Шенеуніктің сөзіне сенсек, 2030 жылға дейін облыста электр қуатының тапшылығы 200 мегаваттқа дейін жетуі мүмкін. Жауаптылар бұл мәселені инвесторлардың көмегімен шешуді жоспарлап отыр. Ал «Атырау жылу желілері» АҚ-на тиесілі 426 шақырымнан асатын жылу құбырының  70 пайызы тозған. Бүгінде бұл көрсеткішті азайту үшін 16 шақырым  желі ауыстырылып  жатыр. Қысқа дайындық жұмыстары аудандарда да ақсап тұр. Әсіресе, мектептерге сұйық және қатты отын жеткізу, сонымен бірге, қосалқы генератор алу секілді жұмыс әлі толық бітпеген.

 

Фото авторы: Рахим Қойлыбаев