«Батыс» өңірлік қолбасшылығы балалар арасында сурет байқауын өткізді
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы Отан қорғаушылар күніне арналған сурет байқауын өткізді. Қатысушылар 200-ден астам жұмыс ұсынды. Бұл туралы ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі хабарлады.
Жас суретшілер өз жұмыстарын үш номинация бойынша ұсынды: «Менің әкем – батыр», «Қазақстан – әлем елі», «Біз батырлардың ерлігін еске сақтаймыз». Шығармашылық жұмыстар 3-тен 6 жасқа дейін, 7-ден 13 жасқа дейін және 14-тен 17 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша бағаланды.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке, Отанға деген сүйіспеншілікке, өз тарихына деген мақтаныш рухында тәрбиелеу, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, дарынды жастарды қолдау және өз елдерінің тарихын зерттеуге деген қызығушылықтарын арттыру.
– Шығармашылық жұмыстар түрлі-түсті немесе «граффити» стилінде жасалды. Олар байқау тақырыбына сәйкестігі, авторлық шешімнің ерекшелігі және орындалу сапасы бойынша бағаланды, — дейді әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтің бастығы Эльвира Ақынбаева.
Әділқазылар алқасының шешімімен Лимара Мадиева, Жасмин Асилова, Василиса Журавлева, Нұрдана Эрнст және Нұрасыл Лесхан салған суреттер үздік деп танылды.
Облыстық кезең жеңімпаздарының жұмыстары елордаға жіберілді. 2021 жылы 5 мамырда нәтижелер шығарылып, байқау жеңімпаздары өз марапаттарын алатын болады.