Тоқаев: «Жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс»
Атырау облысына қатысты онлайн форматта өткен кеңесте Мемлекет басшысы аймақтағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының жұмысына қатысты біраз мәселе бар екенін айтты.
Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы аталған нысанды дамытуға 162 миллиард теңге бөлінген. Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспаған. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық табылмаған. Президент осы олқылықтарды тез реттеп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы басымдық берген тағы бір мәселе – автожолдарды дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев облыста жол апатының жиілеп кетуі елді алаңдатып отырғанын айтты. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болған. Әсіресе Орал–Атырау тасжолына баса назар аударған жөн.
– Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек, – деді Президент.
Президент Үкіметке еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек қала ішіндегі жолдарды тиімді пайдалану, көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да сөз болды.