Карантин облыста тағы ұзарды
Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Шектеу шаралары 12 қазанға дейін ұзартылды.
Қаулыда караоке, бильярд, компьютерлік және түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар мен кинотеатрлар, букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салынса, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ұжымдық іс-шараларды өткізбей, бір мезгілде 50 адаммен қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметіне сағат 08:00-дан 00:00-ге дейін рұқсат берілді.
Маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауадағы кинотеатрлардың қызметіне, сауда ойын сауық орталықтарында орналасқан қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне рұқсат берілді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 26 маусымдағы №43 қаулы 24-қосымша талаптарын сақтай отырып, ұзақ және қысқа мерзімді кездесуге рұқсат етілді.
Демалыс және мереке күндердегі шектеу шаралары ұзартылып, Теңіз аумағында бұған дейін енгізілген карантин режимі сақталды.