Облыста 5 мешіт салынуда
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының имамдарын қабылдады. Бұл туралы amin.kz хабарлады.
Кездесуде Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өңірдегі діни ахуалды баяндап, үгіт-насихат, оқу-ағарту, діни оңалту, қайырымдылық, ақпарат, т.б. бағыттар бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Бас мүфтиге есеп берді.
Бүгінде аймақта 32 мешітте 74 дін қызметкері жұмыс істеуде. Жаңадан 5 мешіт салынуда. Медиа жоспарға сәйкес, 177 шәкірт мешіт имамдарынан тұрақты түрде онлайн дәріс тыңдайды.
– Жүйелі жұмыстың нәтижесінде осы жылы 5 шәкіртіміз Нұр-Мүбәрак университетіне, 48 шәкіртіміз республикалық деңгейдегі медресе-колледждерге оқуға түсті. «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында баспанаға аса мұқтаж 10 жанұяға пәтер кілтін табыстадық. Сонымен қатар, алдағы уақытта 3 қайырымдылық мекемесін ашу жоспарымызда бар, – деп атап өтті бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.