Электронды үкімет қызметі жеңілдемек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин танымал адвокат Жохар Өтебековтың eGov-қа қатысты шағымына жауап берді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Бұған дейін Жохар Өтебеков eGov.kz порталын сынға алған еді. Оның айтуынша, «Электронды үкіметке» жүктеуге болатын файлдар беске, ал көлемі 10 МБ-ға дейін азайған. Адвокаттың клиенті полицияға салмақты файлдарға салынған арызын енгізе алмапты. Сонымен бірге, Жохар Өтебеков ТЖ кезінде 42 500 теңге ала алмай әлек болған азаматтардың мәселесін көтерген.
Адвокаттың бұл шағымына Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында жауап берді.
Оның хабарлауынша, eGov.kz бұдан былай онлайн режимде мемлекеттік қызмет көрсететін монополиялық терезе болмайды. Мемлекеттік қызметті бұдан былай барлық жерде, тіпті банктің мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Жуық арада жұмыс толыққанды ретке келтіріліп, министрлік бұл өзгерістер туралы мәлімет таратпақ.
Сондай-ақ, eGovMobile-ға кіру биометрия бойынша жүргізіледі. Кез келген азамат мобильді қосымшаны жүктеп алып, телефонға жүзін көрсетсе болды, қолданушы болып шыға келеді. Тіпті бұл әдіс өз тарапынан ЭЦҚ-ны да алмастыруға қауқарлы. Өтініштермен жұмыс істеу әдісі жеңіл болады.
Министрдің айтуынша, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына үлкен жауапкершілік жүктелген. Алайда бұл бағыттағы құзыреттердің біршамасы министрліктерге бөлінген.