15 қыркүйек халықты емханаларға тіркеу басталады
15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға тіркеу басталады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
– Тіркеу екі айға созылады. Азаматтарымыз тұрғылықты жері бойынша емханаларды таңдай алады. Мейлінше, емхананы тұрғылықты жерге жақын маңнан таңдауға кеңес береміз. Неге десеңіз, емханаға тіркелген науқастарды медицина мамандары үнемі қадағалап, тіпті үйіне барып көмек көрсетуге ыңғайлы болады. Әсіресе, бұл тәжірибе қазіргідей пандемия жағдайында аса маңызды, – деді Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.