Токио олимпиадасы келесі жылдан қалмайды

Алдағы жылы Токиодағы олимпиада ойындары коронавирус жағдайына қарамастан өтеді. Бұл туралы CNA сайты хабарлады.
– Олимпиада COVID-19 вирусына қарамастан өтеді. Ойындар алдағы жылдың 23 шілдесінен басталады, – деді Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс.
Сондай-ақ, ол Токио олимпиадасының тақырыбы 2011 жылы Жапонияда болған жойқын жер сілкінісі мен цунами екенін ескере отырып, «жойқын цунамиден кейінгі жаңғыру» болуы керек екенін, алайда коронавирус пандемиясына байланысты тақырып өзгеретінін жеткізді.
– Бұл коронавирусты жеңген ойындар болады, – деді вице-президент.
Айта кетейік, жазғы олимпиада ойындары биыл 24 шілде – 9 тамыз аралығында өтуі керек еді. Алайда пандемияға байланысты оның уақыты келер жылға шегерілді.