Мектеп мүлкін ұрлаған азамат ұсталды
Құрманғазы аудандық полиция бөліміне аудан мектептері директорының бірінен мектепте ұрлық фактісі орын алғаны жөнінде арыз түскен. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті хабарлады.
Білім ордасы басшысының айтуынша, белгісіз біреулер мектептен мамыр – тамыз аралығында 2 дана «ACER» ноутбугі мен 1 проектор құрылғысын ұрлаған.
Полиция қызметкерлерімен жедел іс-шара барысында мектепке тиесілі техникалық құралдарды жымқырған күдіктінің жеке басы анықталып, оның 1996 жылғы қала тұрғыны екені белгілі болды.
Күдіктіге «ешқайда кетпеу және өзін-өзі дұрыс ұстау» шарасы санкцияланып, одан айғақ заттар тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен жүргізілуде.