Медқызметкерлерге 800 млн. теңгеден аса үстемақы төленді
Атырау облысында коронавирусқа қарсы күресіп жатқан денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қосымша үстемақы ретінде шілде айында 800 миллион теңгеден астам қаржы төленген. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
⠀
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, медицина қызметкерлеріне үстемақы әртүрлі көрсеткіште, олардың қызмет ету ортасына қарай төленіп келеді.
⠀
– Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, тек өткен айда 2082 медицина қызметкеріне 800 миллион теңгеден астам қаржы үстемақы төленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес беріліп жатқан бұл қаржылай көмек және ынталандыру медицина саласы мамандарына үлкен қолдау болды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, дәрігерлерге – 850 мың теңге, орта буын медицина қызметкерлеріне – 450 мың теңге, кіші буын сала мамандарына – 250 мың теңгеден наурыз айынан бастап ай сайын үстемақы төленуде, – деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
⠀
Сала мамандарына үстемақы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы арнайы комиссияның шешімі негізінде төленеді.