Дәрі бағасы бар ақпарат қағаздары ілінуде
Атырау облысының дәріханаларында дәрі-дәрмектің шекті бағасы көрсетілген ақпарат қағаздары ілінді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі дәрі-дәрмектердің бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін арнайы афишаларды орналастыра бастады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті бөлшек бағалары көрсетілген ақпараттық материалдар өңірдегі барлық дәріханаға таратылып жатыр.
– Плакаттарда парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, ингавирин, антигриппин, аспирин кардио сынды препараттардың 5 түрі көрсетілген. Дәрі-дәрмектер атауларының жанында бағалары мен өндіруші көрсетілген. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі бекіткен дәрі-дәрмектердің жаңартылған толық тізбесіне сілтеме жасай отырып, QR-код орналастырылған. Өйткені дәріханадағы белгілі бір препараттың шекті бағасын білу үшін плакаттарда көрсетілген QR-кодты енгізу жеткілікті болады. Департамент күн сайын «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің бағасына қоғамдық мониторинг жүргізуде, – деп хабарлады облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары А.Мамыт.
Ақпарат парақшаларында, сондай-ақ, баға негізсіз көтерілген жағдайда шағымдануға болатын телефон нөмірлері көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, облыста ақпараттық бетшелерді орналастыру өткен аптадан басталған.