«Дина» базары жұмысын бастады
Атырауда 17-тамызда карантин талаптары жеңілдетіліп, бірқатар нысандар қызметін бастады. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шаһардағы сауда орталықтарында болып, олардың санитарлық талаптарын тексерді. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Тексеріс барысында «Дина» сауда орталығының кейбір санитарлық талаптары нашар екендігі анықталды. Атап айтқанда, желдеткіш орнатылмаған, арақашықтық сақтауға арналған белгілер жоқ, кейбір бөлігінде дезинфекциялық тоннельдер мен құралдар қойылмаған болып шықты.
– Біз үшін ең басты талап – азаматтарымыздың амандығы.
Халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы қауіпсіздік тіпті маңызды. Сіздерге бір айдан астам уақыт берілгенмен, санитарлық талаптарға дайындыққа салғырт қарағансыздар, — деп Нұрлан Таубаев «Дина» сауда орталығының басшылығына сын айтты.
Сол жерге жиналған сауда орталығы қызметкерлері мен жалға алушы саудагерлердің шағымдарын тыңдап, орталықтың 18-тамыздан бастап жұмысын бастайтынын жеткізді. Бірақ санитарлық талаптардың олқы тұсын шұғыл жөндеп, онда жұмыс жасайтындардың да сақтықты күшейтетінін ескертті.
⠀
– Дина базарының 12 павилионының бесеуінде ғана дезинфекциялық тоннель қондырылған. Желдеткіш те жасалмаған. Кейбірінің желдеткіші жасалғандығы жөнінде акті болмай отыр. Ескертілген қатаң талаптарға байланысты базар басшылығы кепілдік хат беріп, олқылықтардың орнын шұғыл толтырамыз деп отыр, – деген Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қанат Ғайнеденов базар әкімшілігі кепілдік хат беру арқылы жұмысын 18-тамызда бастайтынын айтты.