Махамбеттік мейірбике тізімде бар
Атырау облысында коронавирус инфекциясымен өмірінің соңына дейін күрескендердің бірі –Бибігүл Сұлтанова. Ол 10-шілде күні өзі 32 жыл медбике болып еңбек еткен Махамбет ауылындағы ауруханада көз жұмды. Бибігүлге «вирустық пневмония» деген диагноз қойылған.
Осыған дейін жергілікті БАҚ-та Бибігүл Сұлтанованың аймақтағы коронавирустан көз жұмған медициналық қызметкерлер тізіміне диагнозы сәйкес келмегендіктен енбегені айтылып, халық бір шулаған еді.
Бұл жағдайға байланысты Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров пікірін білдірді.
— Бибігүл Сұлтанова есімді Махамбет ауданының мейірбикесі пневмониядан көз жұмған медициналық қызметкерлердің тізімінде бар. Аталған қызметкеріміздің есімі тізімге алынбаған деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ертең Атырауда коронавирус, пневмония індетін жұқтырған және көз жұмған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссия отырысы өтеді. Және әр жағдай негізінде эпидемиологиялық тексеру жасалып, нақты қорытынды шығады. Соған байланысты арнайы комиссия өтемақы төлеу бойынша шешім қабылдайды.
Бүгінде коронавирус инфекциясынан Атырау облысында 12 медициналық қызметкер көз жұмса, 228-і жұқтырған. Ал пневмония дерегі бойынша мәліметтер нақтылануда.