Өтпеген жиындардан 5 млрд. үнемделді
Атырау облысының әкімдігі форум мен семинарларды өткізуден бас тартып, бюджеттің 5 млрд. теңгеге жуық қаржысын үнемдеген. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жергілікті БАҚ-пен сұхбат кезінде айтты.
Оның айтуынша, пандемияға байланысты форумдар мен семинарлар, бұқаралық сипаты басым бағдарламалар қысқартылса, кейбір шаралардың форматы өзгертілген.
– Біз адамдар көп шоғырланатын шаралардың бәрінен бас тарттық. Бұдан бюджеттің 4,8 миллиард теңгесі үнемделді. Енді жыл соңына дейін тағы да 900 млн. теңгені қысқартуды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі.
Оның мәліметінше, үнемделген қаржы бірінші кезекте пандемиямен күрес шараларына жұмсалады.
– Бұл мақсатқа 2,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 777 млн. теңге «Атырау ӘКК» АҚ арқылы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын құруға жұмсалды. Бұдан басқа 1 млрд. теңге мектептерді дәретханалармен, бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға бағытталды. Үнемделген қаржыға медициналық жабдықтар сатып алынды. Стационарларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаржының бір бөлігіне өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді Махамбет Досмұхамбетов.