Облыс әкімі ресейлік дәрігерлерге алғыс айтты
Атырау облысының әкімі ресейлік дәрігерлермен кездесіп, ризашылығын білдірді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, ресейлік дәрігерлердің Атырауға келуі дер кезіндегі көмек болды. Қазір науқастар саны азайған. Атыраулықтардың коронавирус инфекциясынан сауығу динамикасы жоғарылаған. Бастапқыда дəрігер тапшылығы байқалғанмен, медицина саласы жас кадрлармен толығып жатыр.
Облыстық кардиологиялық орталықтың қауіпті аймағында екі апта еңбек еткен астрахандық дәрігері Анна Чепель атыраулық әріптестерін өз ісінің шебері деп есептейді.
— Атыраулық әріптестеріміз шын мәнінде бар өмірін жұмыста өткізіп жатыр. Бұл – үлкен еңбек. Бұған біз науқастарды емдеу шараларына тікелей атсалысу кезінде куә болдық. Қазақстандық тарап қолданып отырған препараттар біздің емдеу хаттамамызға толық сәйкес келеді, — деді ол.
Мәскеулік дәрігерлерді бастап келген Владимир Власов №2 облыстық ауруханада жұмыс істеген. Оның айтуынша, ресейліктер Атыраудағыдай ахуалды наурыз, сәуір айларында бастан өткерген.
— Бастысы – стационарларда ұйымдастыру жұмысы жоғары деңгейде. Кадр мәселесі де қазір шешіліп келеді. Сырқаттанып қалған дәрігерлер де қатарға қосылуда. Біз де әріптестерімізден біраз нәрсені үйрендік. Бұл жерде атыраулық дәрігерлердің кәсіби шеберлігін, өз өмірін, отбасын қауіпке тігіп, адам өмірін жанқиярлықпен құтқару жолында еңбек етіп жүргенін атап өткеніміз жөн, — дейді ол.
Ресейлік дәрігерлер Атыраудағы инфекциялық және провизорлық стационарларда науқастарды емдеуге қатысты. Олардың арасында анестезиолог-реаниматолог, пульманолог, инфекционист, жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатрлар бар.
Бүгінде Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Осыған байланысты Атырауда карантиндік орындар саны 90 пайызға дейін қысқартылып, провизорлық стационарлардағы керуеттер азайтылып жатыр. Ал тамызда ауруханалар жоспарлы емдеу шараларына көшеді