Медициналық мекемелерге кислородтық жүйе жүргізіледі
Атырау облысында медициналық мекемелерге кислородтық жүйе тартылуда. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
— Бүгінде барлық стационарларға оттегі концентраторлары қойылуда. Бұл арқылы кислородтық баллондар саны азаятын болады. Осының аясында жаңа ғимратақа кислородтық жүйені тартып жатырмыз. Аталған жұмыстар тамыз айының басында бітуі керек, — деп түсіндірді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Қазірге дейін өңірдегі медициналық мекемелер 25 оттегі концентраторымен қамтамасыз етілген болса, бүгін тағы 5 құрылғы келеді деп күтілуде.
Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің айтуынша, жаңа құрылғылар дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Өйткені, бұдан бұрын қолданыста болған кислородты баллондар ыңғайсыз, ауыр және оттегіні үнемі толтырып тұруды қажет ететін.
— Қазіргі уақытта біз көлемі 5 литр оттегі концентраторларын қолданып жатырмыз. Сәйкесінше, оттегі баллондарының санын азайтамыз, — деді Ербол Иманғалиев.