Шетелдік дәрігерлердің екінші толқыны келді
Атырау облысының әкімі Астраханнан келген медицина қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгін Астраханнан Атырауға 5 медицина қызметкері мен гуманитарлық жүк жеткізілді. Облыс әкімі осындай қиын-қыстау кезеңде келгендері үшін дәрігерлерге алғысын білдірді.
— Сіздерге және Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлеріміз алдыңғы шепте аянбай еңбек етуде, дегенмен біразы қауіпті дертті жұқтырды, қалғаны індетпен күресу үстінде. Атқарар жұмыс көп. Өңірімізге сіздердің тәжірбиелеріңіз, білімдеріңіз бен біліктеріңіз қажет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, — деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Әңгіме барысында астрахандық дәрігерлердің әріптестеріне кеңес берумен шектелмей, инфекция жұқтырғандарды емдеуге тікелей қатысатыны және «қызыл аймаққа» кіретіндігі айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мамандарды облыстық кардиологиялық орталық пен инфекциялық стационарда жұмыс істейтінін, қажет болса кейбір дәрігерлерді аудандарға жіберетінін айтты.
— Бізді өте жылы қабылдағандарыңызға рақмет. Толыққанды жұмыс жасауымыз үшін барлық жағдай жасалған. Өз кезегімізде біз әріптестерімізге коронавируспен күресте көмектесу үшін бар күшімізді салуға тырысамыз және қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, — деді дәрігер-маман Анна Чепель.
Дәрігерлерге жалақы, тұрғын үй, тамақ және көлікпен байланысты барлық қажетті жағдайлар жасалды.