Дәрі бәріне жеткілікті болады
Шілденің 14-інен 15-іне қараған түні Атырауға медикамент тиелген жүк ұшағы келіп қонды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кеше Үкіметтің қолдауымен Үндістаннан Алматыға COVID-19 инфекциясын емдеуге арналған дәрілер жеткізіліп, 3 тонна көлеміндегі препараттар «Теңізшевройл» компаниясы ұшағымен Атырауға шұғыл әкелінді. Енді осыған дейін тапшы болып келген 15 түрлі дәрі-дәрмек дәріханаларға таратылады.
— Бүгін таңда арнайы ұшақпен үлкен көлемде дәрі жеткізілді. Атырау облысы әкімінің міндеттеуіне сәйкес, өткен аптадан бері облыс дәріханаларын дәрі-дәрмекпен шұғыл қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындар сұранысы толықтай қамтамасыз етілгенше дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізу жалғаса береді, — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.
Дәріханаларға медикаменттер бүгіннен бастап жеткізіле бастайды. Сонымен қатар, жұма күні Атырауға дәрілердің тағы бір партиясы келетін болады.