А.Уалиев: Биыл 21 млн. теңге қаражат тұтынушыға кері қайтарылды

Биыл жыл басынан бері Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 630 арыз келіп түскен. Оның ішінде жазбаша 364, телеграм-бот арқылы 104, басшы және мамандардың қабылдауымен 109, сондай-ақ, жедел желі арқылы 53 арыз қабылданған. Нәтижесінде, тұтынушылар тарапынан туындаған наразылыққа заңгерлік көмек көрсетіліп, әртүрлі сауда нүктелерінен заңсыз алынған жалпы сомасы 21 млн. теңгені құрайтын қаражат тұтынушыға кері қайтарылған. Бұл туралы Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Алем Уалиев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Арыздарды қарау барысында 366 арыз қанағаттандырылып, 180 арызға жазбаша түсінік берілген. Сондай-ақ, 63 арыз тиісті мемлекеттік органдарға қайта жолданып, 21 арыз өтініш иесімен қайтарылып алынған. Сонымен қатар, 8 жоспардан тыс тексеріс тағайындалғаны жөнінде департамент басшысы айтып өтті.

— Жалпы тексеру нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 6 «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Қысқартылған тәртіппен 2 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 138 мың теңгені құрайды. Айта кету керек, салынған айыппұлдардың барлығы мемлекет пайдасына өндірілді, — деді А.Уалиев.

Оның айтуынша, департамент тарапынан тұтынушыларды ақпараттандыру, құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 56, департаменттің әлеуметтік желілерінде 261 ақпарат жарияланған.

 

Дереккөз: БАТЫС.ИНФО