Әлем - 09.10.2023

Израильде ресми «соғыс жағдайы» режимі енгізілді

Израиль билігі елде «соғыс жағдайы» режимін енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл ендігі жерде ауқымды әскери операциялар жүргізілетінін білдіреді. Бұл жөнінде елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың канцеляриясы мәлімдеген, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

— Израиль мемлекетіне қарсы соғыс кеше 06:00-де (сенбі, 7 қазан, 2023 жыл) Газа секторының қанқұйлы террорлық шабуылдарынан басталды,-делінген хабарламада.

Канцелярияның нақтылауынша, шешім «соғыс жариялау немесе ауқымды әскери іс-әрекеттерді бастау» кезінде құқықтық шеңберді айқындайтын «Басты заң: Үкімет» деп аталатын құжаттың 40-бабының негізінде министрлер кабинетінің рұқсаты арқылы қабылданды.

Еврей халқында бұл заң Конституцияның орнына жүретін басты заңдардың бірі саналады, себебі бұл елде нақты Конституцияның өзі жоқ, тек орнына қолданылатын негізгі заңдар мен түрлі құқықтық құжаттар бар.

Айта кетейік, кеше Хамас содырлары Израильге зымыранмен шабуыл жасап, 20-дан астам адам мерт болды.

Еуропалық Одақ Хамастың Израильге шабуылын айыптады.

«Еуропалық Одақ шиеленіскен жағдайды одан сайын ушықтырып, Палестина халқының бейбіт өмірге деген үмітін үзетін мән-мағынасы жоқ шабуылдар мен зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырады. Еуропалық Одақ бүгінгідей бей-берекетсіз, аяусыз жасалған шабуылдар жағдайында өзін халықаралық заңдарға сәйкес қорғауға құқы бар Израильді қолдайды» делінген хабарламада.