Құрманғазы ауданында иппотерапия орталығы ашылды

Құрманғазы ауданының Орлы ауылында атқа міну арқылы ем-дом қабылдайтын иппотерапия орталығы ашылды. Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, дейді «Батыс-Инфо»

Орталықта иппотерапия емін көрсету үшін 9 білікті маман қызмет көрсетеді. Олар 1 дәрігер және 8 арнайы халықаралық сертификаты бар нұсқаушы, иппотерапевт мамандар.

— Мамандардың көмегімен жылқы арқылы түрлі жаттығулар жасалады. Қазіргі кезде 20-дан астам бала жылқы терапиясымен ем қабылдауда. Ерекше ескере кететіні — барлық қызмет түрі тегін жүргізіледі. Ем-домы әдейі бапталған үш атпен көрсетілетін болады. Сонымен қатар, орталық арнайы дәрігерлік бөлмемен қамтылған,- деді «ҮМІТ-НОРЕ-НАДЕЖДА» қоғамдық қорының төрағасы Қалима Изимова.

Мұнда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, мінез-құлық ауытқулары және Даун синдромы бар балалар емделеді. Ал ат терапиясы арқылы жүргізілетін ем-дом міндетті түрде дәрігер нұсқаулығымен жасалады. Заманауи үлгідегі тәсілмен ауданның 52 баласына ем алуға мүмкіндік жасалып отыр. Жалпы аудан бойынша 283 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген.

Орталықтың ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев иппотерапияның аудан үшін үлкен көмегі тиетінін атап өтті.

— Бала – еліміздің болашағы. Олардың жақсы өмір сүріп, азамат болып қалыптасуы үшін жауаптымыз. Ауданымызда ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуі үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Солардың бірі — осы облыс және аудандық үкіметтік емес ұйымдардың бірлесуімен ашылған иппотерапия орталығы. Балалардың бақытты болашағын қалыптастыруға атсалысып, осындай жоба бастап жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіре отырып, жұмыстарыңызға сәттілік  тілеймін,- деді аудан әкімі.

Ал ерекше баланың анасы Тілекші Сисенғалиева өз қуанышымен бөліссе, «Атырау.Маленькая страна» қоғамдық ұйымының төрағасы Ерлан Күмісқалиев алдағы уақытта мұндай орталықты өзге аудандарда да ашуды жоспарлап отырғанын атап өтті.

— Бүгіннен бастап Құрманғазы ауданындағы иппоорталыққа қол жеткіздік. Алғашқы балаларды да қабылдап үлгердік. Жұмысты «ҮМІТ-НОРЕ-НАДЕЖДА» қоғамдық қоры басқарады, басшысы — Қалима Изимова. Орындаушы – «Құрманғазы — Туған жер» қоры, директоры — Азамат Абдуллаев. Әдіснамаға және ғылыми жұмысқа жауапты – «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымы. Мұндай бірлесіп ашылған орталықта көптеген ерекше бала тиісті ем алып, болашақта нәтиже береді деп сенемін және жобамызға қолдау білдірген Құрманғазы ауданы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта басқа ауданда да бұндай  жобалар іске қосылады деп жоспарлануда,- деді Е.Күмісқалиев.