Атырауда қаржы пирамидасын құрғандар ұсталды

Атырау облысында жыл басынан бері қаржы пирамидасын құруға байланысты 3 дерек анықталған. Қазір бір компанияға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің мәлім еткеніндей, тұтыну кооперативіне 296 салымшы тартылғаны анықталған.

«Департамент қызметкерлері тұрғындарды алдап-арбаудың алдын алу үшін мониторинг жүргізіп келеді. Мониторингтің нәтижесінде Атырауда қаржы пирамидасын құрған тұлғалардың ісі әшкереленді. Олар «QazHome» тұтыну кооперативін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін тартудан кіріс алу, кейбір қатысушылардың активтерін қайта бөлу, басқалардың жарналары есебінен байыту қызметін ұйымдастырған. Осы деректі тергеу кезінде кооператив қызметіне 296 салымшы тартылғаны анықталды. Салымшылардың тек 35-і ғана шағымданып, арыз жазды. Арыз бойынша залал сомасы 49 млн теңгеден асады. Қазір аталған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», -деп хабарлады Бекболат Әнесов.

Оның айтуынша, экономикалық қылмыс түрлері, әсіресе, қаржы пирамидалары орасан мол залалға ұрындырады. Мәселен, былтыр қаржы пирамидаларынан 500 адам зардап шеккен.

«Облыс тұрғындары мен қонақтарынан туысқандары, не жақын таныстары қаржы пирамидасының әрекетінен зардап шексе, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлау сұралады. Азаматтарды қырағы болуға және ақшалай жинағын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз», — деп мәлім етті Бекболат Әнесов.