Құрманғазы ауданында мал азығы 89 пайызға дайын

Құрманғазы ауданында қысқы мал азығын дайындау жұмыстары бойынша аймақтағы 625 шаруа қожалықтың 205-і науқанға кіріскен. Мал азығын дайындау маусымына 55 машина, 331 трактор, 241 тіркеме және 205 ауыл шаруашылық агрегаты және 1051 адам қатысуда. Бұл туралы Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Ауданның барлық меншік нысандары бойынша 2023-2024 жылдарға қыстаққа жоспарлы 70 221 бас мүйізді ірі қара, 186 594 қой-ешкі, 32 804 бас жылқы және 5 114 түйе малы қалдырылады деп жобаланып, оған зоотехникалық норматив бойынша 164 мың тонна пішен қажет деп есептелді. Күні бүгін ауылдық округтердің ақпараты бойынша, жалпы 132 610 тонна мал азығы дайындалды. Бөліп айтсақ, Арал өңірінде 97 533 тонна, Азғыр өңірінде 35 077 тонна, шаруашылық құрылымдары 4 100 тонна. Бұл жалпы дайындалатын мал азығының 89 пайызын құрайды,- деді Н.Төлепов.

Сондай-ақ, қыр бойында орналасқан Сүйіндік, Азғыр, Асан округтері бойынша шөп дайындайтын 4-5 бригада бар. Олар ауылшаруашылық құрылымдарымен округтегі жеке тұрғындарды толық қамтитын болады. 57 216 тонна мал азығы қыр өңірінен дайындалады деп жоспарлануда. Бұл жалпы дайындалатын мал азығының 38 пайызын құрайды.

Айта кетейік, жыл сайын ауданда мал азығы дайындалып, шаруашылық субъектілері мен жеке тұрғындардың түліктерін толығымен қамтамасыз етіп келеді. Артық қалғаны Индер, Махамбет, Исатай аудандарына сатылымға шығарылады.