«Атырау» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай салтанатты кеш өтті

Бүгін М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейлі мерекесіне арналған «Қалам ұшындағы ғасыр» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» 

Іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, ҚР Парламенті депутаттары, еліміздегі медиахолдинг басшылары, өңір журналистикасының дамуына үлес қосқан ардагерлер қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі редакция ұжымына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хаттарын оқып, газет ұжымына табыстады.

— Ғасырлық тарихы бар еліміздің ең басты газеттерінің бірі — «Атырауды» мерейлі тойымен құттықтаймын! Ғасырлық тарих ұрпақ сабақтастығына байланысты болса керек. 1923 жылдан қазіргі күнге дейін осындай даму эволюциясында өзінің даңғыл жолын салып келетін, айнымас дәстүрі бар облыстың бас газеті қазір Тәуелсіз Қазақстанның нағыз жанашыры, қажымас қайраткеріне айналса, ол бір күннің ісі емес. Еңбегін еш, тұзын сор қылмай, ұрпақ сабақтастығына айналдыра білген бірнеше буынның ортақ жетістігі. Газет ұжымы қажет жерінде ағысқа қарсы жүзіп, ылғи да облыс тұрғындарының мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтере білді. Осы қам-қарекеттің арқасында құлай сенген оқырманы азаймады. Қаламдарыңыз мұқалмай, жазарыңыз таусылмасын,- деді С.Шәпкенов.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Е.Қошановтың құттықтау хаты табысталып, бірқатар журналист Мәжіліс және Сенат Төрағаларының алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, аға тілшілер Майра Оразғалиева мен Дәулетқали Аруев, шолушы Гүлжан Әмірова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, ал газет ардагері Бағзай Супьянова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Анықтама үшін: «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны «Ерік» деген атаумен 1923 жылдың 1 сәуірінде шықты. Аптасына екі рет басылатын газет бүгінде 5 мыңнан астам тиражбен тарайды.