1 қазанда тұмауға қарсы маусымдық вакцинациялау басталады
Атырауда 1 қазаннан бастап тұрғындарды тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекциялардан қорғау мақсатында вакцинациялау басталады. Бұл туралы Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл жергілікті бюджет қаражатына Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 65 мың дозасы сатып алынған. Вакцина құрамында тұмаудың A/H3N2/, A/H1N1/ және B–штаммдарының антигендері бар. Тұмаудың жыл сайынғы маусымдық вакцинациялау жұмыстары барлық емханада жүреді. Ал тегін вакцинамен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар және сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің контингенті, жүктіліктің алғашқы аптасындағы жүкті әйелдер қамтамасыз етіледі.
— Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі — вакцинация. Өңірде вакцина мемлекеттік бюджет есебінен халықтың созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммунитет жетіспеушілігі бар балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер сияқты мейлінше әлсіз тобы егіледі. Бұдан тыс, жұмыс берушілердің және тұрғындардың жеке қаржысына да вакцина салынады. Ақылы егу емханаларда жүргізіледі,-деді А.Сәрсенғалиева.
Былтыр эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы 67 111 адам екпе алған. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 65 мың адам, жұмыс берушілер есебінен 2 111 адам егілген.