Әлеумет - 28.09.2023

Полиция подполковнигі А.Болат: Біздің жұмыс қырағылықты талап етеді

18 жыл еңбек өтілін құқық қорғау саласына арнаған полиция подполковнигі Аслан Болат өткен аптада жоғалған баланы кәріз құдығынан тауып дер кезінде құтқарылуына ықпал еткен еді.

Адам өміріне араша болу, қызметтегі қырағылық кезіндегі жасалған ерлік әрекеттері қысқаша хабарланып, жұртшылыққа жылу сыйлаған жаңалық болып қана таралатыны анық. Алайда, ол ерліктердің артында үлкен қажырлығы мен кең жүрегі бар қызметкерлердің пікірі мен сондай сәттерде құтқару қадамын қаймықпай басуға не себеп болғанын білу екінші орынға қалатыны да жасырын емес. Бес жастағы бүлдіршіннің өміріне араша түскен полиция подполковнигі Аслан Болат өз пікірін жеткізді.

— Сол күні бала жоғалғаны туралы хабарлама түскен кезде облыс орталығына іссапарға кеткелі тұрғанмын. Іссапарға түнделетіп болса да жетемін деп шешім қабылдап, іздестіру жұмыстарына кірістік. Жеке құрам толық жұмылдырылды. Жоғалған балақайдың үйіне бардым. Мұндай кездерде жақындарының бойын үрей билеп неше түрлі әңгімелер айтады, себебі ондай жағдайға ешкім психологиялық тұрғыда дайын бола бермейді. Анасы сөз арасында баласының тілі толық шықпағанын, ойын жеткізе алмайтынын айтып қалды. Осыдан төрт жыл бұрын Атырау қаласында қызмет атқару кезінде жоғалған 3 жастағы баланы мыңдаған адам болып іздегенде төртінші күні үй жанындағы кәріз құдығынан табылғаны есіме түсіп сарт ете қалды. Онсыз да жанын қоярға жер таппай жанұшырып тұрған ата-анасына ештеңе айтпастан, ауладан кәріз құдығын іздей бастадым, тауып ішін қарағанымда тап-тар саңылаудан баланың басын көріп қолыммен жармаса кеттім. Баланың тірі екенін сезгенімде қуандым, бірақ шығару үшін көмек керегін бірден сездім. Өзге әріптестерімді шақырып кәріз құдығының тар саңылауынан балақайды көптеп алып шықтық. Анасының қуаныштан жылағаны, біздің өз әрекетімізбен осыған себепші болғанымыз сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім. 18 жыл жедел уәкілдік қызметімде түрлі жағдайлардын куәсі, түрлі тағдырды көріп, жоғалған талай адамды тапқанымыз баға жетпес тәжірибе болды деп есептеймін. Сол сәтте шешім қабылдау, сол сәтте ситуацияға кіре біліп қадам басу уақыттың еншісіне беріліп қалыптасатын кәсібилік дер едім. Мәселен, жоғалған адамды іздеу кезінде оның кеткен мақсатын білуге тырысамыз, оның ойы өзіне қолайлы орта қалыптастыруға негізделетінін ескере отырып іс-әрекет жасаймыз, ал қылмыскерді іздеу кезінде оның басты мақсаты ізін суыту екенін ескеріп алдын орауға ұмтыламыз. Алайда, түрлі жағдайда түрлі шешім қабылдауға тура келетіні анық. Полиция қызметі сол үшін үлкен қырағылық пен моральдық тұрғыда дайын болуыңды талап етеді — дейді Исатай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аслан Болат.

Тыныш тіршілік үшін тынымсыз тер төгіп жүрген тәртіп сақшысы Қостанай Заң институтының түлегі. Ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері еңбек етіп келеді.