Атырауда нәзік жандылар қыштан бұйым жасау өнерін үйренуде

«Мен кәсіпкер» жобасы аясында Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған қыштан қолөнер жасау бойынша курстар «Urpaq» оқу орталығының базасында өтуде. Оқыту ұйымы «Ақ сәуле» жеке кәсіпкерлігі,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оқуға облыс өңірінен 16 қыз-келіншек қатысуда. Мақсатты аудитория — қазіргі кәсіпкерлер, өз ісін енді ғана бастауды жоспарлап отырғандар, сондай-ақ, көпбалалы аналар. Курстың ұзақтығы — 32 сағат, оның негізгі бөлігі практикалық сабақтар.

— Оқыту барысында қатысушылар жаңа дағдыларды меңгереді немесе өз шеберліктерін арттырады. Өйткені олардың арасында қыш жасаумен айналысатындар да бар. Атап айтқанда, сабақ барысында олар балшықпен жұмыс түрлері мен ерекшеліктері, бұйымдарды кептіру және күйдіру әдістерімен, қалыптау құралдарымен және безендіру материалдарымен таныстырылуда. Мұнда қолмен мүсіндеу ғана емес, сонымен қатар керамикалық дөңгелекте жұмыс істеу әдістері де ұсынылып отыр. Ең бастысы — олар өндірісті ұйымдастыруға және бизнес-процестерді жүргізуге үйретіледі. Осылайша курстар аяқталғаннан кейін олар өз істерін аша алады немесе кеңейтуге мүмкіндіктері бар. Біз оқыту ұйымын мұқият таңдап алдық, сондықтан курс тыңдаушылары жақсы білім алатынына сенімдіміз,-дейді Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис Жармұханбетова.

Курстың артықшылығы, ол ақысыз негізде өтіп жатыр. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар тиісті сертификаттар алады.

Жалпы, «Мен кәсіпкер» жобасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» үшінші бағыты аясында қыз-келіншектер стартаптарды ынталандыру, жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ, оқыту бағдарламалары мен іс-шараларға қатысу үшін бірқатар қызмет ала алады.