Жылыойда «Болашақ К» қоғамдық қорының дәрігерлері балаларды тегін тексеріп, кеңестерін берді
Жылыой аудандық емханасында «ерте араласу» бағдарламасы бойынша «Болашақ К» қоғамдық қорының мамандары 3 жасқа дейінгі балаларды тегін қарап, тексерулер жүргізіп, кеңестерін берді, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып.
Тегін тексерісті 25-27 қыркүйек аралығында невролог пен реабилитолог дәрігерлер жүргізуде. Олардың қатарында «Болашақ К» оңалту орталығының жетекші мамандары да бар. Бұл шара «Теңізшевройл» ЖШС әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қаржылық қолдауымен іске асырылатын «Атырау облысында ерте араласу» бағдарламасын енгізу жобасы шеңберінде өткізіліп отыр.
— Ерте араласу — болашақ баланы қалыптастырудың кілті. Біз ата-аналар мен балаларға салауатты даму үшін мықты іргетас құруға көмектесуге дайынбыз және осы бағдарламаны іске асыруда аталған қоғамдық қормен ынтымақтасқанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің ауданымыз үшін ерекше маңызға ие,- деді Жылыой аудандық ауруханасы емханасының бас медбикесі Айтгүл Өтебайқызы.
Осы жоба бойынша биыл жыл басынан бері Жылыой орталық аудандық ауруханасының емханасы және №1, №7 пилоттық емханалары мамандарына әдістемелік оқыту жүргізілген.
— Мамандарды балалардағы бұзушылықтарды ерте анықтауға үйретуден басқа, жобаның негізгі кезеңі – балаларға тікелей кеңес беру және оңалту. Бүгінгі күнге дейін пилоттық емханаларда 6 мыңнан астам бала тегін кеңес алды. «Болашақ» оңалту орталығында 35 бала оңалтудан өтті,- деді «Болашақ К» оңалту орталығының невролог-дәрігері Жаннат Ульжитаева.
Ал қабылдауға келген аудан тұрғындары мұндай ізгі шараның пайдасы мол екенін айтуда.
— Невролог-дәрігерлердің тегін қабылдау жүргізетіні туралы әлеуметтік желілерден білдім және тексеруден өту қажет деп шештім. Нұрмұхаммед 2 айлық, оның нейропсихикалық дамуы кешеуілдеген. Қабылдау кезінде дәрігер егжей-тегжейлі анамнез жинады, баланы мұқият тексерді, тағайындау және оңалту бойынша қосымша ұсыныстар берді. Осы жоба мен «ерте араласу» бағдарламасының арқасында маманнан кеңес алуға мүмкіндігіміз бар екеніне қуаныштымын,- дейді аудан тұрғыны Роза Ілиясова.
Бұдан басқа, 25-27 қыркүйек аралығында «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен «Атырау облысының оңалту саласы мамандарының әлеуетін арттыру» жобасы бойынша Құлсары қаласында классикалық емдік массаж, кинезиотерапия және нейродефектология бойынша оқыту жүргізіледі.