Атырауға Төтенше жағдайлар министрі келді
Атырауға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов келді, деп хабарлайды “Батыс-Инфо”
Министр жұмыс сапары барысында облыс әкімі С.Шапкеновпен кездесу өткізді.
Министрдің жеке бақылауымен Алмагүл ықшам ауданында орналасқан 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт-тактикалық жаттығу өтті. Жаттығу қорытындысымен барлық жеке құрам жұмысына оң баға беріліп, бірқатар ұсыныстар енгізілді.
Сонымен қатар, Самал ықшам ауданында орналасқан №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жергілікті бюджет есебінен алынған 11 бірлік қызметтік автокөліктер Департаменттің құрылымдық бөлімдеріне салтанатты түрде табысталды.
№13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде министрдің төрағалығымен жиын өтіп, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен жеке құрам қатысты. Жиын барысында Департаменттің бастығына тағайындалған полковник Н.Жанабаевты жеке құрамға таныстырып, Департаменттің 2023 жылдың 8 ай ішінде атқарылған жұмыстары туралы баяндама тыңдалды.
Жыл сайын Атырау облысының аумағында қамыстың өртенуі орын алады. Тұрғындар арасында жану мен түтін иісіне наразылық туындауына байланысты, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы және Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өсімдіктерін аэровизуалды зерттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор С.Шәріпханов, облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаев, Департамент бастығы, полковник Н.Жанабаев және «Ақ Жайық» МТР қызметкерлерімен бірлесіп резерват аумағына және Каспий теңізі жағалауына «Казавиақұтқару» тікұшағымен аэровизуалды көру-шолу жұмыстары жүргізілді.
Бұл ретте, салалық ведомства басшысы қамыс өртін сөндіру кезінде туындайтын проблемалардың шешу жолдарын қарастыруға нақты тапсырмалар берді.
Одан кейін, министр «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не барып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен және Атырау облысы ТЖД Дағдарыс жағдайлардағы басқармасының модернизация қорытындысымен танысты.
Жұмыс сапары соңында қалалық өрт сөндіру бөлімдерін аралап, материалдық жай-күйіне көз жеткізді.