Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаражатты ем-домға жұмсауға болмайды

Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын төлемді ем-домға жұмсауға болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев айтты, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.

«Біз бұл қаражатты емделуге жұмсау мәселесін ұзақ талқыладық. Денсаулық сақтау министрлігімен, Ұлттық экономика, Қаржы министрлігімен, жұртшылықпен, жұмыс тобы мүшелерімен бірлесе қарастырдық. Бұл ақшаны 1 және 2 топтағы мүгедектер өздерінің ем-домына алу мүмкіндігін де пысықтады. Дегенмен, бұл санаттағы азаматтарға арналған жеке бағдарлама бар, яғни тиісті жәрдемақы аударылып жатыр. Жалпы, аталған заң жобасы аясында ем-домға қаражат аудару қарастырылмаған», — деді Б.Бейсенғалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Құжатта Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларға 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аудару ескерілген. Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалану мүмкіндігі беріледі.

Кәмелетке толған кезде жиналған қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға жұмсай алады.

 

Фото halyq-uni.kz сайтынан алынды