АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕН ШЫҚҚАН ШУЛЫ ІС АЯҚТАЛДЫ

BatysInfo, 15 қараша — Бүгін, #2 Атырау қалалық сотта Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевке және жеке кәсіпкер Өміртай Адамовқа қатысты сот үкімі шықты.

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішіне бөлінген қаражаттан үлкен көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Десе де, сот Б.Хаменованың кәмелет жасқа толмаған балалары барын ескеріп оның жаза өтеу мерзімін 3 жылға кейінге қалдырды. Ал, А.Рысқалиев пен 4 жылға сотталған Ө.Адамов сот аяқталысымен бірден қамауға алынды.

Сондай-ақ, сот шешімі бойынша Атырау облысының бұрынғы орынбасары Б.Хаменова өмір бойы мемлекеттік ұйымдарда қызмет ету құқығынан айырылды. Одан бөлек, «Құрмет» ордені де тартып алынды.

Еске салсақ, 2021 жылдың 10 желтоқсанында Б.Хаменова мен А.Рысқалиев ірі көлемде пара алды деп айыпталып, шулы іске қатысты сот 11 тамызда басталған болатын.