КӨПТІҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН АЗАМАТ

BatysInfo, 9 желтоқсан — Елімізде халықтың да, басшының да, президенттің де алғысын арқалаған азаматтар аз емес. Әркімнің еңбегі де әртүрлі. Бірінің жақсылығын жұрт біліп жатса, бірінікі білінбей тасада қалып жатады. «Мен жасадым» демей-ақ, шын ниетімен адал іс атқарып жүргендер қаншама. Сондай азаматтардың бірі Атырау өлкесінің тумасы Ерлан Хисметұлы Табылдиев. 

Ерлан Хисметұлы облыстық спорттың дамуына өз үлесін қосып, спортшыларға қолдау көрсетіп, демеушілік танытып жүрген азамат. Жақында, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан президенттік сайлауда үгіт-насихат пен оны өткізуде белсенділік танытқаны үшін алғыс хатпен марапатталған. Бұл оның ел тағдырына да бей-жәй қарамайтындығын көрсетеді.

Одан бөлек, бірнеше қоғамдық жұмыстарға араласып бірнеше қайырымды істердің басын қайырған. Атап айтар болсақ, Атыраудағы «Мұнайшы» футбол алаңын қалыпқа келтіріп, замануи талапқа сай етіп жабдықталуына үлес қосқан.  Сондай-ақ, жастар уақытын тиімді пайдалансын деген мақсатта салынған скейтборд тебуге арналған алаң да Ерлан Хисметұлының еңбегі.

Бұл оның шын жанашырлықпен жасаған игі істерінің санаулысы ғана. Өзіне ұнайтын іспен айналыса жүріп, облыстың дамуына зор үлес қосып жүрген азаматтарды ел тану керек, білу керек.

Автор: Нұрлыбек Даралиев