Жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары басталды
Мамыр айының соңына дейін 40 мың гектардан астам оқу жаттығу полигондарының аумағын жарылмаған снарядтар мен әскери үлгідегі жарылғыш заттардан тазарту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі хабарлады.
Тазарту жұмыстары Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарында орналасқан «Оймаша», «Бейнеу», «Есет батыр» және «Қарабатан» полигондарының аумағында жүргізілетін болады.
Жұмыстарды орындауға тартылған инженерлік-саперлік бөлімшелер қажетті жеке қорғаныс құралдарымен, 0,6 метр тереңдіктегі жарылғыш заттарды табуға арналған заманауи мина детекторларымен, байланыс құралдарымен және жарылғыш заттарды тасымалдауға арналған көлікпен қамтамасыз етілген.
– Полигондарды тегіс жоспарлы түрде тазарту жылына екі рет жүргізіледі. Оның басты міндеті – жеке құраммен жаттығу сабақтары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жарылмаған оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды жою. Жұмыстарды осы жылдың мамыр айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді 41433 әскери бөлімінің инженерлік қызметінің бастығы капитан Нұржан Сапарбеков.
Тегіс тазарту кезінде әскери қызметшілер негізінен жарылмаған снарядтарды, істен шыққан оқ-дәрілерді немесе олардың сынықтары мен қалдықтарын табады. Егер жарылғыш заттар табылса, олар детонациялау әдісімен сол жерде жойылады. Тасымалдауға болатын заттар белгіленген жерде жиналады. Мұның бәрі жаттығу сабақтарына қауіпсіз жағдай жасау үшін қажет.
Сондай-ақ, тазарту жоспарына сәйкес полигон жабдықтарын қалпына келтіру, жауынгерлік дайындық топтарының техникаларына маусымдық қызмет көрсету, полигон периметрін қазу, ескерту белгілерімен жабдықтау сияқты жұмыстар жүргізілетін болады.