Спорт - 15.04.2021

ЧЛ: жартылай финалға шыққандардар анықталды

Чемпиондар лигасының үздік төрт командасы анықталды. Жартылай финалға кеше шыққан «ПСЖ» мен «Челси» клубтарының жолын өткен түнде «Реал Мадрид» пен «Манчестер сити» жалғастырды.

Англияда өткен испаниялық команда мен «Ливерпуль» арасындағы кездесуде есеп ашылмады. Есесіне, матч қауіпті шабуылдарға толы болды. Тез гол соғуға тырысқан алаң иелері Тибо Куртуа қорғаған қақпаны қанша торуылдағанмен, жолдары болмады. Жиі-жиі ұйымдастырған қонақтардың да жылдам шабуылы Клопп баптайтын команданың жүйкесіне ши жүгіртіп отырды. Қос ойынның қорытындысы «Ливерпульге» тиімсіз болды. Естеріңізге сала кетейік, бір апта бұрын «Ди Стефано» стадионында өткен алғашқы кездесуде «Реал Мадрид» 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

«Корольдік клуб» енді лодондық «Челсимен» кездеседі. Қай жеңгені чемпиондар лигасының финалында өнер көрсетеді. Алғашқы ойын Мадридте 27 сәуір күні өтсе, қарымта кездесу 4 мамырға жоспарланған.

Сондай-ақ, түнде «Боруссия Дортмунд» – «Манчестер сити» арасындағы жауапты матч ойналды. Бір апта бұрын Англияда өткен кездесуде алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да дәл осы есеп қайталанды.

Алғаш болып алаң иелері сапынан Беллингем 15 минутта гол соқты. Екінші тайм бастала салысымен, қонақтар шабуылды ширата түсіп, қос голмен ақыры дегеніне жетті. 55 минутта Риад Марез пенальтиден есепті теңестірсе, Фил Фоден 75 минутта 1:2-ге жеткізді. Жалпы қорытынды есеп – 4:2, Гвардиола шәкірттерінің пайдасында.

Енді олар жартылай финалда «ПСЖ» командасымен кездеседі. Алғашқы ойын 27 сәуірде Парижде өтсе, қарымта матч 4 мамырға белгіленген. Жеңімпаз команда 29 мамыр күні Стамбул қаласында өтетін финалда өнер көрсетеді.