Қыркүйек басынан КВИ-ді 104 оқушы жұқтырған
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері 104 оқушы коронавирус жұқтырып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
– Оқу жылы басталғалы бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 104 жағдайы тіркелді. Оның 33-і – кезекші сыныптарда оқитын балалар. Олармен қарым-қатынаста болған 550 адам анықталып, оның ішінде 7 адамнан коронавирус анықталды. 71 бала – қашықтан оқып жүріп жұқтырып алған оқушылар. Олармен қарым-қатынаста болған 240 адам анықталып, ішінен 15 адамның індетті жұқтырғаны белгілі болды, – деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, егер оқушылардың бәрі де жаңа оқу жылында офлайн режимде оқуын бастап кетсе коронавирус жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болған адамдардың саны 1500-ден асып, бұл жағдай оқушылардың, мектеп персоналы мен ата-аналардың жаппай індет жұқтыруына әкеліп соғар еді. Осыған байланысты Алексей Цой аймақ басшыларынан коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қажетті шаралардың бәрін де қабылдауды өтінді.