Жолдағы өлім саны азайған
Атырау облысында 8 айда жол апатынан 39 адам мерт болды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бергі 8 айда 159 жол-көлік апаты болған. Соның салдарынан 199 адам жарақат алып, 39 адам көз жұмған.
Жүргізушілердің көлік жылдамдығын арттыруын, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның мақсаты – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау, соның ішінде мас күйінде көлік құралын басқару, жылдамдық режимін арттыру, басып озу, жолдың қарсы бетіне шығып кету сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу. Шараны өткізудің нәтижесінде былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда облыста жол-көлік оқиғаларының саны 15,4%-ға, жараланғандардың саны 23,5%-ға, ал қаза болғандардың саны 4,9%-ға азайған.