«КамАЗ» жүргізушісін іздеу жұмыстары басталды

Атырау облысының Индер ауданында «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі жоғалып кетті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 қыркүйекте «КамАЗ «көлігінің жүргізушісі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала елдімекенінен Атырауға қарай жолға шыққан. Жүргізушінің жасы – 42-де, Атырау қаласының тұрғыны. Көлігімен мал тасымалдаған. Туыстары оның Индер ауданындағы Өрлік ауылдық округіне қарасты Мамық деп аталатын жерге жеткені туралы хабар алған. Кейін сол жерде тұрған «КамАЗ» табылғанымен, көлікте жүргізуші де, мал да болмаған.
23 қыркүйек сағат 06:00-ден бастап жоғалған жүргізушіні іздеу басталды. Іздестіру жұмысына Индер аудандық полиция бөлімінің 2 қызметкері мен төтенше жағдай департаментінің 3 қызметкері, сондай-ақ, жүргізушінің туыстары жұмылдырылды.