Оралға 1 тоннадан астам бекіре балығын жеткізбекші болды

Атыраулық полицейлер 1 тоннадан астам бекіре балығы мен қара уылдырық тәркіледі.Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тәртіп сақшылары «Бекіре» жедел-профилактикалық алдын-алу шарасы кезінде Атырау – Орал тасжолы бойында «Toyota Land Cruiser» көлігін ұстады. Оның ішінен 345 дана бекіре балығы мен салмағы 200 грамм қара уылдырық анықталып, тәркіленді.
Батыс Қазақстан облысының 28 және 29 жастағы екі тұрғыны осыншама балықты заңсыз жолмен Атыраудан Орал қаласына жеткізбекші болған. Тәркіленген бекіре балықтарының жалпы салмағы 1 тоннадан асады.
Ұсталғандар қамауға алынды. Олардың үстінен сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 339-бабы «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша жүргізілуде.