Облысқа 371 түп ағаш отырғызылды
Биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына 30 жыл толуына орай «30 жылдық мерейтойға – 30 мың түп ағаш отырғызу» шарасы өтті. Бұл туралы muftyat.kz хабарлады.
Ағаш отырғызу акциясына бас имамдар, жамағат және еріктілер атсалысты. Шара аясында Атырау облысына 341 түп ағаш отырғызылды.
– Осы 30 жылдың ішінде көптеген іс атқарылып келеді. Пайғамбарымыз хадисінде «Қолыңда бір құрма ағашының шыбығы болса, қиямет болған жағдайда да, сол шыбықты отырғызып үлгеріңдер» деген. Бұл хадистен ағаш отырғызудың, жалпы табиғатты көгалдандырудың қаншалықты сауабы бар екенін түсінуге болады, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты әр аймақта 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елді мекеннің ауызсу, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру, әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың, ел ішінде есімі еленбей жүрген 30 дін қайраткерінің есімін мешітке беру, ауылдағы 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу сынды салауатты шараларды жүзеге асыру жоспарға енгізілген.