Атырауда жаңа зауыттың салынуына қарсылық пайда болды

Атырау облысында газ өңдеу зауытының салынуына қоғам белсенділері наразы. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлады.
Аталған алып кешен қаладан 60 шақырым, ал Мақат ауданынан 12 шақырымдай қашықта орналасады. Сондықтан олар халықтың денсаулығына зиян келуі мүмкін деп алаңдап жатыр. Бірақ жергілікті атқарушы органдар бұл жобаның ешқандай зияны жоқ, керісінше, экономикамызды арттыруға үлесі зор дейді.
– Біздің облыстан ілеспе газды кәдеге жаратуға үлкен зауыт салуға «Gpc investment» компаниясы өз ұсыныстарымен келді. Еліміз бойынша 5 мың млрд. текше метр көгілдір отын жетіспейді. Сондықтан жоба маңызды. Олар зауытты өз қаражаттарына салмақшы. Құрылыс әлі басталған жоқ. Жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы қараша айында олар қоғамдық тыңдау өткізуге ұсыныс жасады. Сол бойынша біз арнайы сайттарға хабарлама бердік. Дегенмен бұл жоба біздің еліміз үшін өте маңызды. Газды пайдаға асырамыз. Зауытта зиян келтіретін булану алаңы да болмайды. Еуропаның ортасында талай зауыт тұр. Жаңа технологиялармен жасақталады. Сол себепті біз жерілікті атқарушы орындар, құзырлы органдар, қоғам белсенділері компанияның технологияларын егжей-тегжей қарауымыз керек. Ал облыс әкімдігі бұл жобаны толықтай құптайды. Өйткені әр нәрседен кемшілік іздесек, онда экономикамыз дамымайды, – дейді Атырау облысы табиғи ресурстарды және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан.
Осы бойынша Мақат ауданы халқымен қоғамдық тыңдау болды. Атыраудың қоғам белсенділері бұл жобаның зияны болады деп шағым айтқан. Және әлі де болса қоғам белсенділерінің ұсыныстары тыңдалады.
Зауытты салуға «Gpc investment» компаниясы 86 гектар жер алған. 860 млн. доллар инвестиция құймақ. Компания өкілдерінің айтуынша, ауаға тарайтын лас қалдық 1000 метрден аспайды. Жергілікті әкімдік бұл мемлекеттің қаржысына салынбайды, жеке компаниялардан шығатын шығын, сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет деп отыр. Жоба іске асса, Атырау облысынан 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.