Қылмысқа қатысты екінші күдікті ұсталды
Жылыой ауданындағы фермерді өлтіру мүмкін деген екінші күдікті ұсталды.
Естеріңізде болса, 6 қыркүйекте Жылыой ауданының 47 жастағы тұрғыны Нұралы Нұртілеуов мотоциклімен жылқыларын іздеп шығып, содан із-түзсіз жоғалған еді. Полиция қызметкерлері, ТЖД мен еріктілер іздеу жұмыстарын жүргізіп, өзінің ауылынан 70 шақырым жерде мал суаратын қараусыз қалған құдықтан зорлық-зомбылық белгілері бар фермердің денесі 14 қыркүйек күні табылды.
Тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Полиция департаментінен жедел-тергеу тобы құрылып, олар қылмыс жасады деген күдікпен бұрын сотталған 1982 жылғы Құлсары қаласының тұрғынын ұстады. Күдіктіден 16-калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді.
– Жедел-іздестіру іс-шарасы мұнымен тоқтаған жоқ, көп ұзамай тағы бір күдікті — 1967 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды, – деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.