Екпені ең алдымен министр салдыртты

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

– Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршиді. Биыл халықты вакцинациялау аса қажет. Өйткені коронавирус індеті кезінде тұмау да өршуі мүмкін. Сол кезде елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан биыл елімізде вакцинаны жылдағыдан екі апта бұрын бастадық. Қазақстан қауіпсіз, тиісті зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткен сапалы вакцина сатып алғанын көрсету үшін өзім бірінші болып екпе салдырдым, – деді Алексей Цой.
Биыл елімізде егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді. Бірыңғай дестрибьютер халықтың 10 пайыздан астамын тегін вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 2 миллионнан астам дозасын сатып алған.
Тұмауға қарсы вакцинация жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі. Вакцинация созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға; медициналық қызметкерлерге; жүкті әйелдерге (жүктіліктің 2-3 триместрі); жабық мекемелердегі адамдарға (балалар үйі, үй, интернат); мүгедек ересектер мен созылмалы аурулары бар балаларға және 60 жастан асқан қарт адамдарға жүргізіледі.