Министр модернизациялауды тапсырды
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атыраудағы ағын суларды тазалау құрылғыларын модернизациялауды жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Министрге Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ағын суларды тазалау құрылғыларының модернизациясы таныстырылды. Сондай-ақ, мұнда механикалық тазалау ғимараттарының, ағын сулардың ашық тоғандарының реконструкциясын, 860 гектар аумақтағы «Сасық сай» булану алаңының рекультивациясын жүзеге асыруға бағытталған «Тазалық» жобасы қолға алынған.
Зауыт басшыларының ақпаратына сәйкес, механикалық тазарту ғимараттарының реконструкциясы 2021 жылы аяқталады. Қалған жұмыстарды 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр.
– Бұл жұмысты сапалы әрі тезірек жасау керек. Аймақтағы экологиялық жағдай мен атыраулықтардың өмір сапасы осыған тікелей байланысты. Жобаны жеделдету қажет, – деді Мағзұм Мырзағалиев.