Тұмауға қарсы екпе мерзімінен бұрын басталады
Елімізде тұмауға қарсы екпе мерзімнен екі апта бұрын басталады. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тұмауға қарсы екпенің 2 миллионнан астам дозасын сатып алды. Бұл шамамен халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармалары қосымша 753 900 дозаға тапсырыс берген.
Елімізде тұмауға қарсы екпе әдеттегі мерзімнен екі апта ертерек 15 қыркүйектен басталады. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады.
Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалып, қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда.