Атырауда спорт мектеп-интернаты салынуы мүмкін

Атырау облыстық мәслихатының 46-сессиясында ұлттық спортты дамыту мәселесі кеңінен талқыланып, спорт орталықтары мен мектептер салу мәселесі ұсынылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облыстық әлеуметтік мәселелер және мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының міндетін атқарушы Гүлнар Сәдуақасова сессия барысында Атырау облысындағы бұқаралық спортты дамыту үшін өңірде жасөспірімдерге арналған спорт мектеп-интернатын салу ең өзекті мәселе екенін айтты.
Облыста арнайы мектеп-интернаттың болмауы себебінен спортқа бейімі бар жасөспірімдер басқа аймақтарға барып оқып, сол өңірдің атынан әр спорт түрінен халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Кей жағдайда спортпен шұғылдануды қойып кеткен.
– Ұлттық спорт мектептерін ашу, аула клубтарын көбейту қажет. Қала аумағында ипподром базасы салынса игілікті іс болар еді. Жаттықтырушылардың да табысын өсіруді басты мәселе етіп қараған жөн, – деді Гүлнар Сәдуақасова.