Әкім гранты 78 түлекке бұйырды

Кеше Атырау облысы әкімдігі жанындағы Білім беру грантын беру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен отырыс шешімімен жаңа оқу жылында атыраулық 78 түлек облыс әкімінің гранты бойынша тегін білім алады. Бұл туралы Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
⠀⠀
Бақытгүл Хаменованың айтуынша, білім беру гранттары жергілікті жердегі кадрлардың тапшылығын шешу мақсатында облыстық бюджет есебінен білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша бөлініп отыр. Биыл конкурсқа қатысуға 132 талапкер өтініш берген.

Әкім грантын иеленген түлектердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Атап айтқанда, облыс әкімінің грантын жеңіп алған 78 түлектің – 27-сі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне түссе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алуға 3 жас грант ұтып алды. Бұдан бөлек 4 түлек М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде, 6 түлек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде, 1 түлек Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақсан аграрлық-техникалық университетінде, 1 жас Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алатын болады. Ал қалған 36 жас Атырау Мемлекеттік университетіне оқуға түсті.