Заңсыз қару тапсырғандарға сыйақы төленеді

Өңірде халықтан заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция әлі жалғасуда. Бұл туралы Атырау облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Облыс аумағында акция барысында 42 атыс қаруы және 3 600-ден астам оқ-дәрілер тапсырылды. Тапсырылған қарудың бесеуі – иір ойықты, 37-сі – тегіс ұңғылы.
Қазіргі уақытта осы азаматтарға 2 млн. 600 мыңнан астам теңге көлемінде сыйақы төлеу көзделіп отыр. Ақция барысында заңсыз сақталудағы атыс қаруын тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Азаматтарға сыйақы төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27-наурыздағы «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес төленеді.