Ауылдарда су тарифі төмендейді
Атырау облысының Бөдене, Өрлік ауылдарында суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне тариф төмендетілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Агро Строй Индер» ЖШС-ның 2019 жылдың қорытындысы бойынша тарифтік сметасының орындалуына жүргізілген талдау барысында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 2-тармағының 15-тармақшасы, атап айтқанда бекітілген тарифтік сметаны орындау талабының сақталмағандығын анықтады.
2019 жылға «Агро Строй Индер» ЖШС-ның Индер ауданы суды таратушы желілер арқылы беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметі бойынша Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін қоса есептегендегі негізсіз алынған табысының сомасы Бөдене ауылы бойынша – 4 744 480, Өрлік ауылы бойынша – 7 061 760 теңге.
Осыған сәйкес, департамент осы жылдың 1-қазанынан бастап, «Агро Строй Индер» ЖШС-не уақытша өтемдік тарифі ҚҚС-сыз Бөдене ауылы бойынша текше метріне 240,93 теңге немесе қолданыстағы тарифпен салыстырғанда 21,9%-ға төмендетумен, Өрлік ауылы бойынша текше метріне 184,34 теңге немесе қолданыстағы тарифпен салыстырғанда 21,9%-ға төмендетумен енгізеді.