Мектепті жөндеуге бөлінген қаржы жымқырылған

Атыраудағы №5-мектепті жөндеу кезінде 25 миллион теңге жымқырылған. Бұл туралы Tengrinews.kz Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға желді ауа-райында қапталған ғимарат сырты құлағаннан кейін белгілі болды.
Қадағалау органының мәліметінше, 2017 жылы мектеп күрделі жөндеуден өткен. Оған 279 миллион теңге бөлінген. Биыл наурызда ғимарат қаптамасы құлағаны белгілі болды. Сондай-ақ, ол күні желдің күшті болмағаны хабарланды.
— Тәуелсіз сарапшының қорытындысына сәйкес, сәулет-құрылыс нормаларын сақтамау, сондай-ақ, жұмыстардың орындалмауы салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 25 миллион теңге залал келді, — делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Қалалық прокуратура материалдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіп, ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.